Алматыда 14 гектардан астам пайдаланылмай жатқан жер мемлекетке қайтарылды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматының Түрксіб ауданында орналасқан жалпы аумағы 14,6777 гектар болатын 8 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды.

Фото: АШМ

Бұған дейін бұл жерлер «Алматы ЗТО» ЖШС-нің меншігінде болып, тауарлық ауыл шаруашылығын жүргізуге арналған еді.

— Уәкілетті орган жүргізген тексеру барысында аталған жер учаскелерінің ұзақ уақыт бойы нысаналы мақсатына сай пайдаланылмағаны анықталды. Осыған байланысты жер иесіне анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама беріліп, жерді жер заңнамасының талаптарына сәйкес пайдалану үшін белгілі бір мерзім белгіленді, - деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Кейінгі бақылау тексеруінің қорытындысы бойынша қажетті шаралардың тек ішінара ғана орындалғаны анықталды. Атап айтқанда, аумақты тазалау және жер учаскелерінің біріне өңдеу жұмыстары жүргізілгенімен, ауыл шаруашылығы өндірісі іс жүзінде ұйымдастырылмаған.

Жер заңнамасының талаптары орындалмағандықтан, Алматының Жер ресурстарын басқару департаменті жер учаскелерін мәжбүрлеп алып қою туралы талап арызбен сотқа жүгінді. Істі қарау нәтижесінде сот барлық 8 жер учаскесін, жалпы көлемі 14,6777 гектарды, мемлекет меншігіне қайтару туралы шешім қабылдады.

Сот ауыл шаруашылығы дақылдарын екпей, тек жекелеген агротехникалық жұмыстарды жүргізу тауарлық ауыл шаруашылығына арналған жерді талапқа сай пайдалану болып есептелмейтінін атап өтті.

— Пайдаланылмай жатқан жерлердің мемлекет меншігіне қайтарылуы қала аумағын тиімдірек пайдалануға мүмкіндік беріп, қалалық инфрақұрылымды дамытуға және Алматы тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жобаларды жүзеге асыруға қосымша мүмкіндік жасайды, - делінген хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін Маңғыстау облысында құны 870 млн теңгелік 50 гектар жер мемлекет меншігіне өткенін жазғанбыз.