Алматыда 15 сантиметрден астам қар жауды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Қалада қар 16 қаңтарда таңертең басталып, «Қазгидромет» РМК болжамынша, бірде тоқтап, бірде жауып 18 қаңтар күні таңға дейін жалғасады.
17 қаңтар сағат 08:00-дегі жағдай бойынша қалаға 15 сантиметрден астам қар түсті.
Метеорологиялық станциялардың дерегінше, қар жамылғысының биіктігі төмендегідей:
• Авиациялық метеостанция «Әуежайда» – 11 сантиметр;
• «Каменск үстірті» метеостанциясында – 38 сантиметр;
• «Шымбұлақ» метеостанциясында – 49 сантиметр.
– Коммуналдық қызмет қар жауа бастаған сәттен бастап күшейтілген тәулік бойы жұмыс режиміне көшкен. Жұмыстарға 2,8 мыңнан астам жол саласы жұмысшысы және 1 250 бірлік арнайы техника жұмылдырылған. Қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 75 жедел бригада жұмыс істеп, ылди, дөң және жолайырықтарға көктайғаққа қарсы қоспа себілді, - деп хабарлады Алматы коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасының өкілдері.
Қар басталғанға дейін жолға алдын ала көктайғаққа қарсы реагенттер және арнайы қоспалар себілді. Бұл қар қалың жағдайда да мұз қатпай, көліктің тепе-теңдігін сақтауға мүмкіндік берді. Кейбір учаскеде қардың жиналуы ұзаққа созылған жауын-шашын мен температураның ауытқуына байланысты, соның салдарынан қардың еріп-қату үдерісі жүрген.
– Шағын көлемді арнайы техника тротуарлар мен қоғамдық кеңістіктерді техника көмегімен тазартып, ал қоғамдық көлік аялдамалары, жерүсті өткелдері, баспалдақтар мен пандустар қолмен тазаланып жатыр. Түнгі уақытта екі кезеңмен қар сырып тазалау жүргізіліп, жаппай қар шығару ұйымдастырылды. Қаланың негізгі магистральдары мен қоғамдық аумақтарынан 3 мың текше метрден астам қар шығарылды, - делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда 13 сағат бойы тоқтаусыз қар жауғанын хабарлағанбыз.
2026 жылғы 16 қаңтарда Алматыда ауа райына байланысты кептеліс 10 балға жетті.
Сондай-ақ Алматы халықаралық әуежайында бірнеше рейс кешікті.