Алматыда 1,9 трлн теңге инвестиция тартылып, экономика 6,4%-ға ұлғайды

Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг кезінде 2025 жылы қаңтар-қараша айларындағы мегаполистің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштерін таныстырды. 

Әкімнің айтуынша, қаланың басты басымдығы — ұзақ мерзімді дамудың негізі саналатын экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету.

— Биыл Алматыда іскерлік белсенділік жоғары деңгейде сақталып, инвестициялық серпін оң бағытта дамыды. 11 айдың қорытындысы бойынша қысқа мерзімді экономикалық индикатор 11,4% болып, былтырғы осы кезеңіндегі көрсеткіштен асып түсті. Экономикалық өсімнің негізгі драйверлері — құрылыс (38,3%), көлік саласы (21,5%) және өңдеу өнеркәсібі (16,8%), — деді Алматы әкімі.

Дархан Сатыбалдының сөзінше, экономикалық өсім жоғары инвестициялық белсенділікпен нығая түсіп отыр. 2025 жылдың қаңтар-қараша айларында қаланың негізгі капиталына 1,9 трлн теңге инвестиция тартылды. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 19% көп.

Жыл ішінде жалпы құны шамамен 500 млрд теңге болатын 12 ірі инвестициялық жоба іске қосылды. Олардың қатарында Haval, Chery және Changan маркалы жеңіл автокөліктер шығаратын мультибрендті зауыт, автокөлік шиналарын резеңке үгіндісіне қайта өңдеу зауыты, шыны ыдыс өндіретін кәсіпорын, сондай-ақ күн модульдерін шығару жобалары бар.

Жыл қорытындысы бойынша Алматының жалпы өңірлік өнімінің өсімі 6,4% деңгейінде болмақ. Экономиканың дамуы салық түсімдерінің тұрақты артуымен қатар жүріп жатыр: 2025 жылы 11 айда жергілікті бюджетке 1 трлн 970 млрд теңге түсті. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 19,4%-ға жоғары.

— Қала тұрғындарының әл-ауқатын арттыру мәселесіне айрықша көңіл бөлініп отыр. 2025 жылы Алматыда 92 мың жұмыс орны құрылды, оның 87%-ы — тұрақты. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша қаладағы орташа айлық жалақы 539 мың теңге болып, номиналды мәнде 14,5%-ға өсті және республикалық орташа деңгейден 29%-ға жоғары болды, — деді Алматы әкімі Дархан Сатыбалды.

Еске салайық, бұған дейін Алматының бюджет кірістері биыл алғаш рет 2,3 трлн теңгеден асатынын хабарлағанбыз.