Алматы қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, сенбі-жексенбі күндері мас күйінде көлік басқарған 27 жүргізуші ұсталған. Сот олардың әрқайсысына қатысты әкімшілік жаза тағайындап, кемінде 15 тәулікке қамауға алу және 7 жылға көлік басқару құқығынан айыру туралы шешім шығарды.
- Тәжірибе көрсеткендей, есірткі немесе алкоголь қолданған жүргізушілер әлі де кездеседі. Мұндай жағдайларда жиі кездесетін сценарий: бір топ адам бірге ішімдік ішеді, содан жүргізуші ащы су ұрттағанына қарамастан үйіне көлікпен қайтады. Ол өзіне тым сенімді болып, еш қиындықсыз жете алатынына сенеді. Алайда өкінішке қарай, мұндай жағдайлар көбінесе жол апатымен аяқталып жатады, – деді Алматы қаласы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Серік Шумаев.
Демалыс күндері жол қозғалыс ережелерін өрескел бұзудың өзге де деректері анықталды. Атап айтқанда, жүргізу құқығы жоқ адамның көлік жүргізуі - 1, қарама-қарсы қозғалыс жолағына шығу - 16, маневр жасау ережесін бұзу - 20, апаттық жағдай туындату - 10, көлікті тұраққа қою ережесін бұзу - 20, мемлекеттік тіркеу нөмірі жоқ көлік құралын басқару - 2.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда жол апатынан жаяу жүргінші мерт болғанын жазғанбыз.