Алматыда 200-ден астам көшеге жаңа атау беріледі

Фото: Фото: Мұхтар Холдорбеков/Кazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда шаһар шетіндегі біршама көшенің атауы жоқ. Қала тұрғындары бұл көшелерге атау беру мәселесін жиі көтереді. Осы орайда, Kazinform тілшісі Алматы әкімдігіне аталған мәселе бойынша жүгінді.

Алматы қаласы әкімі аппаратының Тілдерді дамыту және ономастика бөлімінде биыл қаладағы Ю.Гагарин атындағы даңғылдың бір бөлігіне Ермек Серкебаевтың есімі, Әуезов ауданындағы Юбилейная көшесіне Владимир Толоконников аты және атау жоқ көшелерге Ескендір Хасанғалиев пен Юрий Померанцевтің есімдерін берілгенін хабарлады.

Сондай-ақ ресми жауапқа сәйкес, алдағы жылдары 200-ден аса көшеге жаңа атау беріледі.

— Қазіргі кезде қала тұрғындарының өтініштерін қанағаттандыру мақсатында бірінші кезекте атауы жоқ 153 көшеге атау беру және атауы қайталанатын 77 көшені қайта атау жоспарланып отыр, — деп хабарлады Тілдерді дамыту және ономастика бөлімінен.

Жаңа көше атаулары қалалық мәслихаттың шешімінен кейін келесі жылдан бастап беріле бастайды.

Еске салайық, бұған дейін Астанада мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Балғымбаевқа көше атауы берілгенін жазғанбыз.