Алматыда 2026 жылы МӘМС жүйесіне 95 мың тұрғын қосылады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда жарты миллионға жуық адам МӘМС жүйесінен тыс қалып отыр.
Медициналық сақтандыру қоры Алматы қалалық филиалы директорының орынбасары Нұрдос Қадырбековтың айтуынша, мегаполисте тұратын 2,3 млн халықтың 80 пайызы немесе 1,8 млн сақтандырылған. Бірақ 475 мың адам МӘМС жүйесінен тыс қалып отыр.
МӘМС туралы заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, 2026 жылдан бастап жергілікті атқару органдары халықтың әлеуметтік жағдайы төмен бөлігі үшін сақтандыру жарнасын төлей бастайды. Жаңа нормалар арқасында Алматыда 95 мыңға жуық адам МӘМС жүйесіндегі медициналық көмекке жүгінуге мүмкіндік алады.
- Аталған санат ішінен медициналық көмекті жиі қолданатын азаматтар іріктеліп, жергілікті бюджет есебінен сақтандырылатын болды. 2026 жылы 26 мыңнан астам адамның әрқайсысы үшін ай сайын 9189 теңгеден, жалпы 2,9 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалмақ. Сондай-ақ бұдан былай жұмыссыз ретінде ресми тіркелгендер үшін де МӘМС жарнасын жергілікті атқару органдары төлейді, - деді Нұрдос Қадырбеков.
Еске салайық, бұған дейін Президент МӘМС туралы заңға түзету енгізді.