Алматылық зейнеткер Ғалия Әшірбекованың айтуынша, ұзақ уақыт жұмыс таба алмай, талай мекеменің табалдырығын тоздырған.
«Зейнеткерлікке шыққаннан кейін ұзақ уақыт жұмыс табуға тырыстым, бірақ менің зейнеткер мәртебемді ескере отырып, жұмыс берушілер үнемі қабылдамады. Осыдан кейін мен Алматы қаласының Еңбек мобильділігі орталығына жүгіндім, онда маған «Алтын жас» бағдарламасына қатысу ұсынылды. Бұл бағдарламаға қатысу маған еңбек қызметін жалғастыруға және қажетті материалдық деңгейді сақтауға мүмкіндік берді. Қала билігі қоғамның игілігі үшін жұмыс істегісі келетін және жұмыс істей алатын зейнеткерлер сияқты халықтың әлеуметтік осал санатын ұмытпағанына өте ризамын», - дейді зейнеткер Ғалия Әшірбекова.
Алматы қаласы әкімдігінен атап өткендей, «Алтын жас» бағдарламасына қаланың 94 ұйымы қатысты. Қазір зейнеткерлік жастағы адамдарды жұмысқа орналастыру үшін ұйымдардың қосымша тізімі қалыптастырылып жатыр.
«Осы жылдың маусым айында Алматы әкімі Ерболат Досаевтың бастамасымен зейнеткерлерді жұмысқа орналастыру бойынша «Алтын жас» бағдарламасы бекітілді. Оған Алматыда тіркелген және тұрақты негізде тұратын зейнеткерлік жастағы адамдар қатыса алады. Бағдарлама жергілікті бюджеттен жалақының 50% мөлшерінде, бірақ тиісті қаржы жылына белгіленген бір ең төменгі жалақыдан аспайтын мөлшерде субсидиялауды көздейді. 2024 жылы бұл сома 85 мың теңге болды. Аталған бағдарлама бойынша 224 зейнеткер жұмысқа орналасты. Олардың орташа жалақысы 187 мың теңге», - деп хабарлады әкімдіктен.
Осыған дейін Алматыда халықты жұмыспен қамтуға бағытталған шаралардың арқасында қалада жұмыссыздық деңгейі алғашқы жарты жылдықта 5% - дан 4,7% - ға дейін төмендегені туралы жазған едік.