АСК мәліметінше, 2026 жылдың 29 қарашасына тағайындалған мәслихат сайлауына дайындық жұмыстары Алматыда бекітілген күнтізбелік жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Жергілікті атқарушы органдар сайлауға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімін сайлау комиссияларына тапсырған. Нәтижесінде сайлаушылар тізіміне 1 миллион 355 мыңнан астам азамат енгізілді.
Одан бөлек заң нормаларының біркелкі қолданылуын және дауыс беру күні сайлау рәсімдерінің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерін электоралды оқыту жүргізіліп жатқаны атап өтілді. Дайындық аясында бүгінге дейін барлық деңгейдегі сайлау комиссиялары мүшелері үшін 2 856 оқыту іс-шарасы өткізілген. Сайлау комиссиялары мүшелерінің жалпы саны — 4 826 адам.
Аумақтық сайлау комиссия 29 қараша күні Алматы қаласында 670 сайлау учаскесі жұмыс істейтінін мәлімдеді. Оның ішінде 597 учаске азаматтардың тіркелген жері бойынша, ал 73 учаске олардың уақытша болатын орындарында орналасады.
— Сайлау учаскелерінде мүгедектігі бар адамдарға арналған арнайы ақпараттық бұрыштар қарастырылған. Дауыс беру күні 170 инватакси автокөлігі мен 40 сурдоаудармашыны жұмылдыру жоспарланған, — деп хабарлады АСК.
24 қарашадағы жағдай бойынша бірмандаттық аумақтық сайлау округтерінде Алматы мәслихатының депутаттығына 63 кандидат тіркелген. Ал төрт саяси партияның тізімдеріне барлығы 109 кандидат енген.
— Сайлау комиссиялары қолданыстағы заңнама шеңберінде азаматтарды ақпараттандыру қызметін ғана жүзеге асырады және сайлауалды үгіт жүргізумен айналыспайды, — деп атап өтті АСК.
Қала бойынша азаматтардың сайлау туралы ақпаратқа кеңінен қол жеткізуін қамтамасыз ету мақсатында қала аумағында 275-тен астам ақпараттық баннер мен LED-экран орналастырылған. Сондай-ақ тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында Алматы қаласында дауыс беру учаскесін және сайлаушылар тізімінде бар-жоғын жедел тексеруге мүмкіндік беретін бірнеше сервис жұмыс істейді. Олар:
- Сайлаушылар тізімін тексеруге арналған ресми онлайн-сервис — electorat.almaty.kz.
- Telegram желісіндегі бот — @almaty_maslihat_2026_bot.
- 109 нөміріне де хабарласуға болады.
Алматының аумақтық сайлау комиссия дауыс беруге арналған бюллетеньдер учаскелік сайлау комиссияларына заңнамада белгіленген мерзімде, яғни дауыс беру күніне дейін үш күннен ерте емес және бір күннен кешіктірілмей тапсырылатынын хабарлады.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда бірқатар кандидат мәслихат сайлауынан шеттетілді.