Алматыда 3 адамның өмірін қиған автобус апаты: айыпты рақымшылыққа іліне ме

Фото: https://t.me/kris_p_almaty_official/20597

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда ер адам автобус жүргізушісін ұрып, нәтижесінде көлік құралы 3 адамды басып кетті. Бұл дерек бойынша Дархан Ахметжанов 8 жылға сотталды.

Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің жауабына сәйкес, Дархан Ахметжанов Конституциясының 30 жылдығына байланысты рақымшылыққа ілінбейді.

Сонымен қатар ведомство оның нақты қай түзету мекемесінде отырғанын «Жеке деректер және оларды қорғау туралы» заңға сілтеме жасай отырып, жария етуден бас тартты.

Еске салайық, 2023 жылы желтоқсан айында Алматыда № 47 бағыттағы қоғамдық көліктің ішінде Дархан Ахметжанов жанжал шығарып, жүргізуші әйелді ұрған. Салдарынан әйел есінен танып, көлікті басқара алмай, аялдамада тұрған бір топ адамды қаққан. Апат салдарынан 7 адам зардап шегіп, 3 адам қайтыс болды.

Сот бұл оқиға бойынша Дархан Ахметжановты ҚР Қылмыстық кодексінің 351-бабының 3-бөлігі және 293-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 8 жылға бас бостандығынан айырды.

эксклюзив