Алматыда 304 ұйымдағы мемлекеттік рәміздер тексерілді

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Әлеуметтік қызметтер үйінде ҚР Мемлекеттік рәміздер күнін мерекелеу шеңберінде қоғам қайраткерлерінің, тарихшылардың, сарапшылардың, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің және жастардың қатысуымен «Көк тудың желбірегені» тақырыбында
конференция өтті.

Фото: Досбол Атажан

Конференция Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезімді тәрбиелеу, мемлекеттік рәміздерді насихаттау, азаматтардың өз елінің салт-дәстүрлеріне, тарихы мен мәдениетіне деген қызығушылығы мен құрметін сақтау мақсатында ұйымдастырылды.

- Мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарау өте маңызды. Жыл басынан бері қаламызда орналасқан мемлекеттік рәміздерге мониторинг жұмыстарын жүргіздік. Мемлекеттік тудың ғимараттарда орналасуы, оның дұрыс тұрғаны, кірлегені немесе басқаша бүлінуі тексерілді. Оған 304 ұйым қамтылды. Барлығында дерлік талаптар сақталған, бірақ кемшіліктері бар мекемелер де анықталды. Ол мекемелердің басшылармен сөйлесіп, ескерту жасалды. Бұл жұмыс қаламызда жүйелі түрде өтеді, - деді Алматы қаласы Қоғамдық даму басқарма басшысы Айдар Есенбеков.

«Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, генерал-лейтенант Бексұлтан Сәрсекұлы мегаполисте тұратын 50-ден астам генералдың жастар арасында тәрбиелік жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.

Фото: Kazinform/Досбол Атажан

 

- Мен БҰҰ жүйесінде жұмыс істей жүріп, көптеген мемлекеттерде болдым. Сонда үлкен залға кіріп, өз еліңнің туын көргенде бірден қасына барып суретке түскің келеді. Біздің мемлекеттік байрағымыз өте әдемі, мұны көбісі айтады. Ал әнұран айтылғанда еріксіз оны орындауға қосылып кетесің. Елтаңбаны көргенде бойыңды мақтаныш билейді. Біз жастарды патриоттыққа тәрбиелеуге байланысты жоспарымызды қала басшылығына көрсеттік. Алматыда 50-ден астам үлкен қызметтер болған генералдар тұрады. Олардың білімі, олардың тәжірибесі қазір жастарға берілуі керек, - деді генерал-лейтенант Бексұлтан Сәрсекұлы.