Алматыда 35 млн теңгені өндіруге кедергі келтірген жеке сот орындаушысы сотталды

АСТАНА. KAZINFORM — Алматы қаласының прокуратурасы жеке сот орындаушының борышкердің банк шоттарынан бұрын салынған тыйым салуларды заңсыз алғандығын анықтады.

Фото: gov.kz

Жеке сот орындаушының заңсыз әрекеттері нәтижесінде борышкер өндіріп алуға жататын ақша қаражатына өз бетінше билік ету мүмкіндігіне ие болған. Бірақ өндіріп алушыға 35,6 млн теңге көлеміндегі ақша аударылмаған.

— Сот үкімі бойынша жеке сот орындаушы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 251-бабы 1-бөлігімен (жеке сот орындаушының өкілеттігін теріс пайдалануы) кінәлі деп танылды. Сот оған жеке сот орындаушы қызметімен айналысу құқығынан айыра отырып, 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындады, — делінген хабарламада.

Бұған дейін Павлодар облысында 53 жеке сот орындаушысы 535,6 млн теңге кірісін жасырғанын жазғанбыз.