Алматыда 36 түп тянь-шань шыршасы отырғызылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда көгалдандыру және экологиялық жағдайды жақсарту бағдарламасы аясында қылқан жапырақты биік ағаштар отырғызылды.
Сәтбаев көшесінде 22 шіріген ағаштың орнына биіктігі 6 метрден асатын 36 түп тянь-шань шыршасы отырғызылды. Жергілікті тәлімбақтың көшеттері қаланың климаттық жағдайына сәйкес келеді, төзімділігі жоғары және агрессивті қалалық ортаға тез бейімделе алады.
– Ескі ағаштарды ауыстыру қажетті шара болды. Еске салсақ, көшпелі кеңес барысында ғылыми қызметкерлердің, сарапшылардың, қоғам қайраткерлерінің және БАҚ өкілдерінің қатысуымен Сәтбаев көшесіндегі ағаштардың жағдайы бағаланды. Учаскеде ескі шыршалар өседі, олар зерттеу нәтижелері бойынша апатты деп танылып, қала тұрғындары мен қоршаған ортаға қауіпті екені анықталған болатын,– деп хабарлады Алматы әкімдігінен.
Биіктігі 4-тен 6 метрге дейінгі ірі көшеттерді пайдалану ағаштардың тіршілігін жақсартуға, жетілген ландшафт жасауға және қала көшелері мен саябақтарының эстетикалық келбетін сақтауға мүмкіндік береді.
– Ғалымдардың ұсыныстары бойынша қыста қылқан жапырақты ағаштарды отырғызу топырақтың жабық кесегімен жүргізілді,– делінген хабарламада.
Бұған дейін Сәтбаев көшесінің бойындағы қураған қылқан жапырақтыларды кесіп, орнына жаңасын отырғызылатыны туралы жазған едік.
Бұдан бөлек, шаһар басшысы 2025 жылы қалаға биіктігі 6 метрден асатын 27 мың ірі көшет отырғызылатыны туралы айтқан болатын.