- Светлана ханым, бүгінгі күні Алматыда қанша адам қант диабетімен ауырады?
- Қант диабеті - жаһандық проблема, оны алдын алу мен емдеуге үлкен көңіл бөлініп жатқанына қарамастан, бұл мәселе жыл сайын алаңдатарлық деңгейде өсіп келеді. Биылғы жылдың 23 шілдедегі мәлімет бойынша Алматыда қант диабеті бойынша диспансерлік есепте 36 721 науқас тұр, оның ішінде: 1-ші типті қант диабеті бойынша – 2046, 2-ші типті қант диабеті – 33 926, 18 жасқа дейін – 749 бала бар.
- Адамдар не себепті қант диабетімен ауырады?
- Балаларда қант диабетінің негізгі себебі - инсулин шығаратын ұйқы безінің жасушаларын бұзатын вирустық инфекция. Паротит, қызамық, қызылша сияқты инфекциялар да қант диабетінің дамуына ықпал етеді. Сондықтан балаларды вакцинациялау - маңызды профилактикалық шара болып табылады.
2-ші типті қант диабеті көбеюінің негізгі себебі – адамдардың салауатты өмір салтын ұстанбауы, физикалық белсенділіктің аздығы, дұрыс тамақтанбау, темекі шегу және алкогольді ішімдіктерді шамадан тыс пайдалану, стресс себеп болады.
Сондай-ақ қант диабеті дамуының қауіп факторларына мыналар кіреді: 45-жастан жоғары адамдар, семіздік (1-ші дәрежелі семіздік болса қант диабетінің даму қаупі екі есе, 2-ші дәрежелі – 5 есе, 3-ші дәрежелі – 10 есе артады), жоғары холестерин, артериялық гипертензия, тұқым қуалайтын бейімділік (ата-ана немесе жақын туыстарында қант диабеті болса, аурудың даму қаупі 2-6 есе артады).
- Алматыда аталған аурумен күрес, алдын алу жұмыстары қалай жүріп жатыр?
- Қант диабеті жаңадан анықталған науқастың бәрі есепке алынып, оларға глюкоза деңгейін төмендететін дәрі тағайындалады. Бүгінгі таңда Алматыда гипогликемияны тудырмайтын, жүрек-қан тамырларының ауыр жағымсыз құбылысынан және созылмалы бүйрек ауруынан қорғауға бағытталған соңғы гипогликемиялық препараттың бәрі бар. Емханаларда диабеттік табан, диабеттік ретинопатия, жүрек-қан тамырлары ауруларының (инфаркт, инсульт) алдын алуға бағытталған «диабеттік табан», «диабеттік ретинопатия», «диабет мектебі» кабинеттері ашылып жатыр. Инсулин терапиясындағы науқастарға гликемияны өздігінен бақылау үшін глюкометрлер беріледі.
Сонымен қатар, Алматыда көмірсу алмасуын түзету үшін қант диабетімен ауыратын науқастар эндокринологиялық төсек-орны бар стационарларға (№7 ҚКА, ААА жеке медициналық орталығы, Диабет орталығы (ҚазҰМУ университетінің клиникасы)) мемлекеттік медициналық көмек көрсету аясында портал арқылы ауруханаға жатқызылады. Айта кетейін, Қазақстанда көмірсу алмасуының бұзылуын ерте диагностикалауға бағытталған предиабет ауруын диагностикалау және емдеу хаттамасы бар.
- Қант диабетін алдын алу және ауырмас үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
- Салауатты өмір салтын ұстану керек. Бұл ретте 2-ші типті қант диабеті мен оның асқынуының алдын алу үшін дене салмағын сақтау, физикалық белсенді болу, күнделікті физикалық жаттығулар қант диабеті қаупін азайтады, дұрыс диетаны ұстану және көмірсулар (қант және т.б.) мен қаныққан майларды тұтынуды азайту, темекіні шегуден бас тарту, қандағы глюкоза деңгейін ай сайын бақылап отыру, аш қарынға 6,1 ммоль/л жоғары болса, дәрігерге көріну, дәрігердің ұсынысын орындау, аптасына бес рет 30 минуттық жаттығу және дұрыс тамақтану қант диабетінің қаупін 58%-ға азайтады.
Аурудың алғашқы белгілері байқалса, дереу дәрігерге қаралу керек.
- Сұхбатыңызға рахмет.