Алматыда 4 млн теңге ұтып алған ер адам алимент төлемей келгені үшін сотталды

Фото: freepik.com

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы прокуратурасы биыл алимент төлемей жүргендерге бақылауды күшейтіп, кірісін жасырып қалған борышкерлерді де анықтап жатыр. Соның бірі – казинодан миллиондар ұтып алғанымен, өз баласына алимент төлеуден қасақана жалтарған ер адам.

Алматы прокуратурасы 1 741 757 теңге алимент қарызы бар ер адамды анықтады. Ол казинодан 4 млн теңгеден астам ұтыс ұтқанымен, үш айдан бері баласына төлем жасаудан қасақана жалтарған.

Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың үкімімен ол Қазақстан Қылмыстық кодексінің 139-бабына сәйкес кінәлі деп танылып, бір жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.

– Жалпы, биылғы 10 айда қала прокуратурасының бастамасымен алимент төлеуден жалтарған 14 борышкер қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бұдан бөлек, сот шешімін орындамағаны үшін Әкімшілік кодекстің 669-бабы бойынша 253 адам әкімшілік жазаға тартылған, - деп хабарлады қалалық прокуратура.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде 16 мыңнан астам баланың пайдасына 1 млрд теңгеден астам алимент берешегі өндірілді.

Прокуратура ата-аналарды балалар алдындағы өз міндеттерін уақтылы орындауға шақырып, алимент төлеуден жалтару әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертті.

Еске салайық, бұған дейін Шымкентте алимент бойынша 4,8 млн теңге берешегі бар ер адам сотталғанын хабарлаған едік.