Алматыда 41 млн теңгенің контрафактілік өнімі тәркіленді

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда жыл басынан бері 41 433 748 теңгенің контрафактілік өнімі заңсыз айналымнан алынды. Бұл туралы қалалық Әділет департаментінің  басшысы Балайым Кесебаева өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтты. 

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Спикердің сөзінше, 2024 жылдың 9 айында жеке және заңды тұлғалардың өтініштері негізінде тауар таңбасын заңсыз пайдалану фактісі бойынша 80 кезектен тыс тексеріс болған. 

«Тексерулер базарларда, сауда және бизнес орталықтарында, сондай-ақ белгілі брендтердің контрафактілік тауарлары сатылатын қоймаларда жүргізілді. Тәркіленген өнімдердің ішінде: ұялы телефондарға арналған аксессуарлар, киім, балалар тауарлары мен ойыншықтар, тәттілер, теледидарлар, автомобиль бөлшектері, мотор майлары және басқа да тауарлар бар. Тексеру нәтижесінде заңсыз айналымнан 41 433 748 теңгенің 39 265 дана контрафактлік өнімі тәркіленді», - деді ол.

Сот шешімімен құқықбұзушыларға 5 865 348 тенге айыпұл салынды.