Алматыда 43 мыңнан астам адам баспана кезегінде тұр

Фото: Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда жыл басынан бері 2 726 кезекте тұрған азамат коммуналдық тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Бұл туралы қаланың коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы хабарлады.

«Қазір қалада 43 448 адам үйге кезекте тұр. Көпбалалы аналардан 7 546 адам, жетім балалардан — 2330, әлеуметтік осал топтардан — 18468, бюджеттік ұйым қызметкерлерінен 15 104 адам бар», — деп хабарлады басқармадан.

Ведомство мәліметінше, жыл басынан бері 2 726 азамат тұрғын үймен қамтамасыз етілді.

«Атап айтар болсақ, 1 080 — кезекте тұрғандарға арналған коммуналдық тұрғын үй қорынан жалдамалы тұрғын үй, 1 348 — жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалдамалы тұрғын үй, 226 — 2% және 5% жеңілдетілген несие бағдарламалары арқылы тұрғын үй алғандар, 72 — «Алматы жастары» бағдарламасы бойынша. Сонымен қатар, 169,3 млн теңгеге 148 тұрғын үй сертификаты берілді», — деп атап өтті қалалық коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы.

Осыған дейін «Алматы жастарына» өтінім берген 2 мыңға жуық жас баспаналы болғаны туралы жазған едік. 

Еске салайық, несиенің ең жоғары сомасы — 18 млн теңгеге дейін. Сыйақы мөлшерлемесі — 5, бастапқы жарнасы — 10 пайыз.

Қатысушының жаңа салынған немесе қолданыстағы тұрғын үй нарығынан үй таңдау мүмкіндігі бар.