Алматы әкімдігінің мәліметінше, автопаркте 289 автобус тіркелген, оның 40-ы жөндеуде тұр. Тексеру барысында мамандар 249 көлікті тексерген. Соның нәтижесінде 50 автобуста пайдаланылған газдарды тазартуға арналған негізгі құрылғы – катализатордың жоқ екені белгілі болды.
– Мониторинг атмосфералық ауаны қорғау талаптарын жүзеге асыру мақсатында өткізіліп отыр. Оның басты міндеті – қаладағы негізгі ластаушы көздердің бірі саналатын автокөлік шығарындыларын азайту, - деп хабарлады әкімдіктен.
Одан бөлек Алматы қаласының экология департаменті бірқатар автокөлік кәсіпорнына қатысты жоспардан тыс тексеру өткізген. «NEO City TRANS» ЖШС мен «TALAP T» ЖШС автобус парктерінде жүргізілген өлшеу нәтижелері кейбір көліктерде зиянды шығарындылардың белгіленген нормадан асып кеткенін көрсеткен.
Анықталған заңбұзушылықтарға байланысты ҚР ӘҚБтК-нің 333 және 334-баптары бойынша әкімшілік хаттамалар рәсімделіп, жалпы сомасы 13,3 млн теңге айыппұл салынды. Сонымен қатар кәсіпорындарға кемшіліктерді жою жөнінде тиісті нұсқамалар берілді.
Еске салайық, Алматыда 28 сәуірден бастап төмен эмиссиялы аймақтың (LEZ) пилоттық жобасы іске қосылды.