Алматыда 50-ге жуық оқушының улануына байланысты қылмыстық іс қозғалды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда Республикалық физика-математика мектебінің 47 оқушысы ауруханаға түсуіне байланысты істі полиция тексереді.

Фото: Polisia.kz.

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасы жанындағы полиция бөлімінде қылмыстық іс қозғалды.

— Қазіргі уақытта жүргізіліп жатқан тергеу әрекеттері, оның ішінде санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің тексеру қорытындысы негізінде оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, тиісті процестік шешім қабылданады, — деп хабарлады департаменттен.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда Республикалық физика-математика мектебінің 47 оқушысы жедел ішек инфекциясының белгілерімен емханаға жатқызылғаны белгілі болды.

Кейін РФММ әкімшілігі оқушылардың ауруханаға түсуіне байланысты түсінік берді. Бүгінде мектеп ғимараты мен мектеп-интернатта дезинфекциялау жұмыстары жүргізілген. Ал ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысына сәйкес, мектеп-интернаттың және ас блогының жұмысы уақытша тоқтатылған. Сонымен қатар 14–16 қазан аралығында мектеп сабақтары онлайн форматта өтеді.