Алматы қаласының Әділет департаментінің мәліметінше, алкоголь өнімдерін жоюға Алматы облысы Қонаев қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2026 жылғы 30 шілдедегі қаулысы негіз болды.
Аталған сот актісіне сәйкес, заңды тұлға, яғни компания ҚР ӘҚБтК 283-1-бабының 5-бөлігінде (тауарларға арналған ілеспе жүкқұжаттарды ресімдемеу, сол сияқты тауарларға арналған ілеспе жүкқұжаттарсыз этил спиртінің және (немесе) алкоголь өнімінің айналымы) көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылған.
- Сот заңды тұлғаға 865 000 теңге мөлшерінде айыппұл салу түріндегі әкімшілік жаза тағайындап, алкоголь өнімдерін тәркілеу және кейіннен жою туралы шешім қабылдады. 2026 жылғы 17 қыркүйекте Алматы қаласының мемлекеттік сот орындаушысы аталған сот қаулысының орындалуын қамтамасыз ету мақсатында атқарушылық іс жүргізуді қозғады, - деп хабарлады департаменттен.
Әділет департаментінің өкілдері сот актілерінің уақытылы орындалуы мемлекет мүдделерін қорғаудың маңызды кепілі екенін атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін Қызылордада құны 1,5 млн теңгеден астам контрафактілік өнім тәркіленді.