Алматыда Сүйінбай даңғылы бойындағы Гаршин көшесінен Бекмаханов көшесіне дейінгі аралықтағы құбырды ауыстыру жұмыстары аяқталды. Қайта жөнделген бөліктің ұзындығы 644,5 метр.
Ауыстырылған құбыр 1967 жылы пайдалануға берілген және қазіргі уақытта 3 көпқабатты тұрғын үй мен 1 жеке үйді жылу және ыстық сумен қамтамасыз етеді.
«Қалада биыл 20 км жылу желілерін қайта жаңарту көзделген. Алматының 6 ауданында жылыту аралық кезеңге жоспарланған қайта құру жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізіледі. Аумақтарды абаттандыру ауа райына қарай кезең-кезеңімен жүзеге асады»,- деп атап өтті әкімдіктен.
Осыған дейін Абай даңғылы мен Саин көшесінің батыс бағытында 2 шақырымға жуық құбырдың жаңартылғаны туралы жазған едік.
Естеріңізге сала кетейік, қозғалысты шектеуге қатысты барлық ақпарат Almaty.kz сайтында, @AlmatyJoly Telegram арнасында, аудандық әкімдіктер мен басқармалардың әлеуметтік желісінде, сондай-ақ 2GIS пен «Яндекс карталар» сервисінде жарияланған.