Алматыда 6 қабатты әкімшілік ғимараты өртенді

Фото: Фото: Алматы ТЖД

АСТАНА. KAZINFORM — Оқыс оқиға Алматы қаласы Жетісу ауданы Новгородская көшесі бойында орналасқан 6 қабатты әкімшілік ғимаратта болды, деп хабарлайды қалалық ТЖД.

Бірден жоғары дәрежелі шақыртумен құтқарушылар келіп жетті. 

Фото: Алматы ТЖД

— Өрт сөндіру есептоптарының жедел келуіне қарамастан, өрт өршіп кеткен. Ғимараттың шатыры мен қаптамасы толығымен жалындап жанып жатты. Өртті сөндіру ғимарат ішіндегі үлкен жанғыш жүктемемен, атап айтқанда лак-бояу өнімдерінің болуымен күрделенеді, — делінген хабарламада.

Өрт орнында Алматы қаласы ТЖД бастығы полковник Нұрлан Атығаевтың басшылығымен жедел өрт сөндіру штабы жұмыс істеді. 

Фото: Алматы ТЖД

— Үздіксіз су беру ұйымдастырылды. Өртті сөндіруге 25 техника және 85 қызметкер жұмылдырылды. Қызыл жалын жақын жердегі ғимараттарға таралмады. Сонымен қатар өртті ауыздықтауға мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтер де тартылды. Мәселен «Астана су» су тасымалдауға көмектесті, — деді Алматы қаласы ТЖД бастығы Нұрлан Атығаев. 

Фото: Алматы ТЖД

Сондай-ақ өртті сөндіруге ТЖМ автопойыз тартылды. 06:45–те Өрт сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ.

Бұған дейін Алматы облысында өртенген көлік ішінен мәйіт табылғаны хабарланды.