2026 жылғы 3 қаңтар мен 30 маусым аралығында «Eco Almaty» ЖШС мамандары қаладағы автобус парктеріне қайта мониторинг жүргізген.
Есепте тұрған 2 525 автобустың 1 407-сі тексерілген. Нәтижесінде 596 автобуста пайдаланылған газдардың уыттылығы мен түтін шығару деңгейі белгіленген нормадан жоғары екені анықталды.
Олардың 150-і — дизель отынымен жүретін автобустар болса, 446-сы — газ қозғалтқышымен жабдықталған көліктер.
«Eco Almaty» өкілдерінің айтуынша, мұндай тексерулер атмосфералық ауаны қорғау талаптарын орындау мақсатында тұрақты түрде жүргізіледі.
— Бұл жұмыстардың негізгі мақсаты — қоғамдық көліктерден бөлінетін зиянды шығарындыларды азайту, — делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда жыл басынан бері 13 мыңнан астам көлік эконорманы бұзғанын хабарлаған едік.