Алматыда 7 жасар қызды жүк көлігімен басып кеткен жүргізушіге үкім шықты
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда жаяу жүргіншілер өткелінде 7 жастағы қызды қағып кеткен жүк көлігі жүргізушісіне қатысты сот үкімі шықты.
Қайғылы оқиға биыл 2 сәуір күні Алатау ауданында болды. Renault маркалы жүк көлігінің жүргізушісі Бурундайская көшесімен келе жатып Новая көшесінің қиылысында жолдан өтіп бара жатқан 7 жасар қызды анасының көзінше басып кетті.
Тергеу нәтижесінде Алатау аудандық соты жүргізушіні ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігі (Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу, абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекет) бойынша кінәлі деп таныды. Оған 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру және 5 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды.
Апелляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырды.
Еске салайық, 7 жасар қыздың өмірін қиған жол апатына байланысты автобус жүргізушісі де жазаланды.
Сондай-ақ сарапшылар мұндай қайғылы жағдай қайталанбауы үшін жүк көліктеріне қандай талап пен шектеу қойылуы керек екенін айтты.