«Алматы жылу желілері» ЖШС мәліметінше, алдағы жылыту маусымына дайындық аясында ұзындығы шамамен 483 метр болатын жылу құбыры жаңартылады.
Осыған байланысты 8 шілдеден бастап Немирович-Данченко көшесінің батыс жағында, Рысқұлов даңғылынан Райымбек даңғылына дейінгі аралықта көлік қозғалысы жартылай шектеледі.
Жүргізушілер бұл аумақты Немирович-Данченко көшесінің шығыс жағымен екі бағытта да айналып өте алады.
Компанияның мәліметінше, шектеу жер астындағы жылу құбырын жоспарлы жаңарту жұмыстарына байланысты енгізіліп отыр.
— Жоба аяқталғаннан кейін жаңа жылыту маусымында 14 көпқабатты тұрғын үй, 2 жеке тұрғын үй, 2 мектеп және тағы 10 нысан тұрақты жылумен қамтамасыз етіледі, — делінген хабарламада.
Жөндеу жұмыстары кезінде тұтынушыларға ыстық су беру тоқтатылмайды.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда Жұмабаев көшесінің бөлігі бір айға жабылатынын хабарлаған едік.