Гамартома — балаларда сирек кездесетін туа біткен патология. Ол ми тіндерінің дамуындағы бұзылыстар салдарынан пайда болатын түзіліс.
Балада туғаннан бері неврологиялық бұзылыс байқалған. Атап айтқанда, себепсіз күлу ұстамалары, ұйқы мен сөйлеу бұзылыстары, психикалық және сөйлеу дамуының тежелуі, бас ауруы және есінен тану жағдайлары болатын. Бұған миындағы сирек кездесетін гамартома себеп болған. Гамартома эпилепсиялық ұстамаларды қоздырған.
Науқас бірнеше жыл бойы мамандардың бақылауында болып, дәрі-дәрмекпен емделген. Бұған дейін оған бірнеше рет хирургиялық ота да жасалған. Алайда емге қарамастан, ұстамалар жалғаса берді.
Операция халықаралық практикалық шеберлік сабағы аясында өтті. Оған Германиядағы «Шарите» университеттік клиникасының балалар нейрохирургиясы бөлімінің меңгерушісі, профессор Ульрих-Вильгельм Томале қатысты.
Профессор № 2 қалалық балалар клиникалық ауруханасының нейрохирургиялық тобымен бірлесіп, нейронавигация және операция кезіндегі нейромониторинг технологияларын қолдана отырып, түзілісті микрохирургиялық әдіспен алып тастады.
Халықаралық тәжірибе алмасу нәтижесінде балаларға күрделі жоғары технологиялық операциялар жасалып қана қоймай, отандық мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға да мүмкіндік туды.
— Миының күрделі аурулары бар балалардың Қазақстанда жоғары технологиялық медициналық көмек алу мүмкіндігі болғаны біз үшін маңызды. Халықаралық ынтымақтастық, тәжірибе алмасу және заманауи хирургиялық технологияларды енгізу отандық нейрохирургияны дамытуға және күрделі жағдайдағы пациенттерді емдеу мүмкіндіктерін кеңейтіп жатыр, — деді № 2 қалалық балалар клиникалық ауруханасының директоры Марат Рабандияров.
№ 2 қалалық балалар клиникалық ауруханасы балалар нейрохирургиясы мен эпилепсияны хирургиялық жолмен емдеу бағыттарын дамытып, диагностика мен емдеудің заманауи әдістерін енгізуді жалғастырып келеді.
Еске салсақ, Алматыда өкпе қатерлі ісігіне робот-ассистент көмегімен алғашқы ота жасалған еді.