Ол атаулы әлеуметтік көмектің (АӘК) уақытша сипатқа ие екенін, оның басты мақсаты – азаматтардың еңбекке белсенділігін арттыру екенін де атап өтті.
«Атаулы әлеуметтік көмек – бұл өмір бойы төленетін жәрдемақы емес, ол өмірінде қиындық болып жатқан отбасыға аяқтан қайта тұруға мүмкіндік беретін уақытша қолдау шарасы. Басты мақсатымыз – жай көмек көрсету емес, азаматтардың еңбек етуіне және әлеуетін жүзеге асыруына жағдай жасау», – деді Бауыржан Жаубасов.
Оның айтуынша, АӘК алу үшін отбасының еңбекке жарамды мүшелері жұмыспен қамту бағдарламаларына қатысуға тиіс.
Атаулы әлеуметтік көмек екі түрге бөлінеді. Біріншісі, шартсыз көмек – еңбекке араласа алмайтын азаматтарға (І-ІІ топтағы мүгедектігі бар жандарға, қарттарға күтім жасап отырған адамдарға және т.б.) тағайындалады.
Екіншісі, шартты көмек – еңбекке жарамды отбасы мүшелері жұмыспен қамту шараларына (жұмысқа орналасу, оқыту, қоғамдық жұмыстар және т.б.) қатысқан жағдайда беріледі.
2025 жылы 1 қазанға дейін Алматыда 1 819 отбасы, яғни 9 063 адам атаулы әлеуметтік көмек алған.
«Мұндай қолдау шаралары азаматтарға уақытша қиындықты еңсеруге ғана емес, күшіне деген сенімін арттырып, жігерін жанып, отбасының тұрмысын өз еңбегімен қамтамасыз етуге жол ашады», – деп сөзін түйіндеді Бауыржан Жаубасов.
Айта кетейік, Алматыда 4,3 мыңнан астам нысан мүгедектігі бар жандарға бейімделген.