Мегаполис басшысы Алмалы ауданының тұрғындарымен кездесуі барысында Досмұхамедов, 61 мекенжайында орналасқан спорт мектебі туралы сұраққа жауап берді.
Ерболат Досаевтың айтуынша, 1935 жылы салынған Спорттағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының қазіргі күйі нашар. Сондықтан оның орнына жаңа ғимарат салынады. Қазіргі уақытта жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.
— Бұл ғимарат бұзылады. Бізге бұл нысан сәулет ескерткішіне жататынын айтқандар болды. Бірақ балаларды мұндай «сәулет ескерткішінде» ұстауға болмайтыны анық. Әсіресе, спорт мектептерінде. Мемлекеттік сараптаманың жауабын алғаннан кейін байқау өткіземіз, қаражат қарастырылған, — деді қала әкімі.
Еске салайық, былтыр Ерболат Досаев алдағы 3 жылда спорт мектептері жаңартылатынын айтқан еді.