Алматыда абаттандыру кезінде заң бұзған мердігерге айыппұл салынды

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматылықтар қала көшелерін абаттандыру кезіндегі заң бұзушылықтарға шағымданды.

Фото: freepik

Әлеуметтік желілерде Құрманғазы көшесіндегі жөндеуден кейін ағаштардың тамыры зақымданғаны туралы видео жарияланды.

Алматы тұрғындары қала әкімдігіне мердігер мен жауапты тұлғаларға шара қолдануды, сондай-ақ аумақты қалпына келтіруді сұрап жүгінді.

Алматы қаласы Алмалы ауданының әкімдігі Құрманғазы көшесінде аумақты абаттандыру және гастрокөше ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады.

– Бұл учаскеде еңіс болуы себепті тіреу қабырғасын орната отырып, жасыл желек аумағының деңгейін көтеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін жасыл аумақ толық абаттандырылып, жаңа бұталар отырғызылады және аумақ қалпына келтіріледі, – деп хабарлады әкімдік.

Әкімдік кадрларда көрсетілген нысанның шамамен екі жыл бұрын кесілген ағаштың түбірі екенін түсіндірді.

– Жұмыс барысында көпжылдық ағаштар мен өсімдіктерге зақым келтірілген жоқ. Сонымен қатар құрылыс жұмыстарын жүргізу ережелерін бұзғаны және іргелес аумаққа тиісті деңгейде күтім жасамағаны үшін мердігер ұйым әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қазір компанияға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды, – делінген хабарламада.

Аудан әкімдігі абаттандыру жұмыстарының барысы мен мердігерлердің жасыл желектерді күтіп-ұстау және қорғау талаптарын сақтауын тұрақты бақылауда ұстап отырғанын атап өтті.

Еске салайық, Абай облысының тұрғындары абаттандыру ережелерін 9 мың рет бұзғаны хабарланды.