Алматыда абаттандыру паспорты ұғымы енгізілді

Фото: видеодан кадр

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда қалалық мәслихаттың кезектен тыс XXI сессиясы өтті. Күн тәртібінде «Алматы қаласының аумағын көріктендіру ережелерін бекіту» мәселесі талқыланды.

Алматы қаласы Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқарма басшысы Дулат Ашкенов қалада абаттандыру паспорты құжатын енгізуді ұсынды.

«Алматы қаласының аумақтарын абаттандыру қағидаларының басты мақсаты – қала аумағын кешенді және орнықты дамуына ықпал ететін қауіпсіз, жайлы, экологиялық қолайлы және тартымды қалалық орта құру. Мәслихат шешімімен бекітілген бұл қағидалар 4 тарау, 18 параграф және 176 тармақтан тұрады. Онда абаттандыру паспорты ұғымы бар. Бұл паспорт ірлегес аумақ пен нысан қасбетін күтіп ұстаудың міндеттерін бекіту арқылы кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігін көтеруге әсер етеді. Паспорт кәсіпкерлерді өз аумақтарын күтіп ұстауға міндеттейді», - деді Дулат Ашкенов.

Дулат Ашкенов әкімшілік паспорт екі тараптан қолданысқа енгізілетінін атап өтті. Оның айтуынша, аудан әкімшілігі мен субъект қожайыны екіара қол қою арқылы құжатты бекітеді және кәсіпкерлерден оны алу үшін өзге артық жұмыс талап етілмейді.

Сондай-ақ пікірталас барысында абаттандыру паспорты ұғымы 2013 жылы тамыз айында алып тасталғалы жеке меншік нысандарға іргелес аумақтардың жағдайы нашарлап кеткені айтылды.

Қалалық мәслихат депутаттары бұл өзгерісті бірауыздан қолдап, дауыс берді.