Алматыда Абай күніне орай «Алғашқы кітап» деректі фильмінің премьерасы өтті

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Абай күні қарсаңында Алматыда ашық аспан астында «Алғашқы кітап» деректі фильмінің премьерасы өтіп, мерекелік кеш концерттік бағдарламамен жалғасты.

Фото: Алматы әкімдігі

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген «Алғашқы кітап» деректі фильмін мыңдаған көрермен тамашалады.

Фото: Алматы әкімдігі

Докудрама жанрындағы туынды 1909 жылы Санкт-Петербургте Ильяс Бораганскийдің баспаханасынан жарық көрген Абай Құнанбайұлының тұңғыш кітабының тарихына арналған.

Фото: Алматы әкімдігі

Фильм авторлары Абайдың алғашқы кітабының қалай жарық көргенін, жинақты кім дайындағанын, оның неліктен Семейде емес, Санкт-Петербургте басылғанын және кітапты шығару барысында қандай кедергілер болғанын зерттейді.

Фото: Алматы әкімдігі

– Фильм Абай көзі тірісінде өз шығармаларын жинақтап, кітап етіп шығаруға әрекет етті ме, кітапты кім дайындады, қалай баспа бетін көрді, неге Семейде емес, қияндағы Петерборда басылды деген сауалдарға жауап іздейді, – делінген ұйымдастырушылар ақпаратында.

Фото: Алматы әкімдігі

Фильм көрсетілімінен кейін Алматы қаласы әкімдігінің Мәдениет басқармасы ұйымдастырған Абай мұрасын насихаттауға арналған концерттік бағдарлама өтті.

Фото: Алматы әкімдігі

– Бұл кештің басты мақсаты – Абайдың әдеби және музыкалық мұрасын бүгінгі көрерменге заманауи форматта ұсынып, ұлы ойшылдың шығармаларын кеңінен насихаттау, – деп атап өтті ұйымдастырушылар.

Фото: Алматы әкімдігі

Музыкалық-поэтикалық қойылымға Талғат Күзембаев, Лидия Кәденова, Ерлан Біләл, Дархан Сүлейменов, Асан Мәжит, Динара Кемелхан, Ерден Жақсыбек, «Алашұлы» тобы және Хор капелласы қатысты.

Фото: Алматы әкімдігі

Мерекелік бағдарлама одан әрі Абай күніне арналған «Almaty Summer Fest» фестиваліне ұласты. Сахнада Мақпал Жүнісова, Жанар Дұғалова, Асхат Тарғын, Нұрлан Бердібаев, Серік Исахан, Ayarai, Birzhan Demeuuly, Nurtore, Magsoul, «Kesh You», «6ellucci», «IL Canto» және басқа да өнерпаздар өнер көрсетті.

Фото: Алматы әкімдігі

Фестиваль барысында Абайдың әндері шырқалып, өлеңдері мен қара сөздерінен үзінділер оқылды. Мерекелік кеш соңында мыңдаған көрермен ұлы ақынның әндерін бірге шырқады.

Фото: Алматы әкімдігі
Фото: Алматы әкімдігі