Алматыда адам ұрламақ болған күдіктілер ұсталды

Фото: Алматы полициясы

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда полиция қызметкерлері адам ұрлауға оқталған күдіктілерді ұстады.

Полицияның мәліметінше, бейтаныс адамдар бір азаматқа күш қолданып, оны көлікке отырғызып, белгісіз бағытқа алып кеткен. Оқиға бойынша ақпарат дереу тіркеліп, жедел басқару орталығы «Ұстау» жоспарын енгізді.

Полиция экипаждары көлікті дереу анықтап, тоқтатқан. Көлік салонында жәбірленуші және оқиғаға қатысы бар бірнеше ер адам болған.

Алдын ала мәліметтерге қарағанда, күдіктілер өзін құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырып, ойдан шығарылған себептермен азаматқа психологиялық қысым көрсеткен. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Күдікті тұлғалар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

– Бұл – аса ауыр қылмыс. Куәгердің қырағылығы мен полиция қызметкерлерінің жедел әрекетінің арқасында заңсыз әрекеттердің жолы кесілді. Азаматтарды арандатушылыққа берілмеуге және күмән туындаған жағдайда «102» нөміріне дереу хабарласуға шақырамыз, - деді Алмалы аудандық Полиция басқармасының бастығы Мақсат Пшан.

Еске салайық, бұған дейін Павлодарда адам ұрлаумен және бопсалаумен айналысқан қылмыстық топ ұсталғанын хабарлағанбыз.