Алматыда әкесінен зорлық көргенін айтқан блогер қыз 10 тәулікке қамалды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда әлеуметтік желіде әкесінен зорлық-зомбылық көргенін мәлімдеген блогер қыз әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Фото: ІІМ

Алматы полициясының мәліметінше, әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг кезінде блогердің әкесі тарапынан өзіне қатысты зорлық-зомбылық жасалғаны туралы айтқан, сондай-ақ былапыт сөздер қолданып, қоғамдық тәртіпті бұзатын әрекеттер көрсетілген видеолары анықталған.

Бұл мәлімдемелер бойынша тексеру жүргізіліп, контент авторы мен оның ата-анасынан жауап алынған. Тексеру нәтижесінде бұл әрекеттер туралы ақпарат расталмаған. Сонымен қатар видео қыздың тыйым салынған заттарды қолданғаны байқалған. Медициналық куәландыру оның есірткі заттарын пайдаланғанын растады.

Полиция блогердің әрекеттерінен ұсақ бұзақылық жасау және жалған ақпарат тарату белгілерін анықтап, жиналған материалдарды сотқа жолдаған.

Полиция мәліметінше, блогер бұған дейін де арнайы қызметтерді көрінеу жалған шақырғаны және ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жауапкершілікке тартылған.

Құқық қорғау органдары жалған ақпарат тарату, қоғамдық тәртіпті бұзу және өзге де заңға қайшы әрекеттер Қазақстан заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкелетінін ескертті.

Еске салайық, бұған дейін блогер Қайсар Қамза Вьетнамда қамауда отырғанын жазғанбыз.