Алматыда ақпан айында 600-ден астам автокөлік экологиялық норманы бұзған

Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда автокөліктерді тексеру барысында жүздеген көліктің экологиялық талапты бұзғаны анықталды.

Алматы экология және қоршаған орта басқармасының хабарлауынша, тексерісті Eco Almaty ЖШС мен «Ренессанс Плюс» ЖШС мамандары қалалық полиция департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп жүргізілді.

– 25 ақпанда жылжымалы экологиялық зертханалар әл-Фараби даңғылы мен Дулати көшесінің қиылысында, Райымбек даңғылы мен Жетісу көшесінде, І. Жансүгіров көшесінде және Құлжа трактісінде 42 автокөлікті тексерді. Бензин қозғалтқышы бар 12 көлікте шығарындылардың белгіленген нормадан асуы анықталды. Аталған көлік иелеріне ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 334-бабы бойынша айыппұл салынды. Дизель қозғалтқышы бар автокөліктер арасында бұзушылық тіркелген жоқ, - делінген басқарма таратқан хабарламада.

Бұған дейін, 12-19 ақпан аралығында стационарлық экологиялық бекеттерде пайдаланылған газдардың құрамындағы зиянды заттар мен түтін мөлшеріне 4 012 өлшеу жүргізілді. Оның ішінде 3 996 тексеріс бензин қозғалтқыштары бар көліктерге, 16 тексеріс дизельді көліктерге қатысты болды. Мониторинг қорытындысы бойынша 602 автокөлікте белгіленген нормалардың асуы анықталды, бұл тексерілген көліктердің жалпы санының 15%-ы. 593 жағдайда артық шығарындылар көміртегі тотығы (СО) бойынша, 9 жағдайда түтін көрсеткіші бойынша тіркелді.

Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы тексеріс кезінде әр екінші көлік экологиялық норманы бұзғаны анықталғанын жазған едік.