Алматыда Әл-Фараби даңғылының бойында жаңа спорт саябағы болады

Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Әл-Фараби даңғылы және Дулати көшелерінің қиылысында заманауи FLOW Парк спорт саябағының құрылысы басталды.

Алматы қаласының Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының мәліметінше, жоба жеке инвесторлар қолдауымен жүзеге асырылады. Құрылысқа 3 млрд теңге қаржы құйылған. Саябақ құрылысы тек демеушілік қаражат есебінен жүргізіледі, бұған мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлінбейді.

Фото: Алматы әкімдігі

— FLOW саябағы қала тұрғындары мен қонақтары үшін салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен айналысуға және белсенді демалысқа арналған жаңа демалыс орынға айналмақ. Болашақ саябақ аумағында велосипед және жаяу жүгіру жолақтары, ашық аспан астындағы жаттығу құрылғылары, ойын және спорт алаңдары, сондай-ақ, тынығуға және сергітуге арналған аймақтар орналастырылады, — деп хабарлады басқармадан.

Фото: Алматы әкімдігі
Фото: Алматы әкімдігі
Фото: Алматы әкімдігі

Еске салайық, бұған дейін Алматыда Пушкин көшесінің бөлігі жаяу жүргіншілер аллеясына айналатынын жазғанбыз.