Алматыда 15 мың тұрғынның құқығы қорғалды

Фото: Видеодан скрин

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы қаласының прокуратурасы «Әлеуметтік шиеленіс ошақтарын жою» жобасы аясында Ақсай-1А шағынауданының тұрғындарының шағымы бойынша кешенді шаралар қабылдады. Бұл туралы прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады. 

Тұрғындар «Школьник» тұрғын үй кооперативінің әрекетіне қатысты шағым түсірген.

— 2014 жылы кооператив төрағасы үйлер жанындағы 1,7 гектар жер учаскесін заңсыз бөліп, оның бірнеше бөлігін үлестес тұлғаларға сатқаны анықталды. Заңсыз сатылған учаскілердің құны 300 миллион теңгеден асады. Осы жағдай бойынша аса ірі мөлшердегі алаяқтық фактісі туралы қылмыстық іс тіркелді, жер қолданысына шектеу қойылды, кооператив қызметіне аудит жүргізіліп жатыр, — делінген ақпаратта.

Сонымен қатар заңсыз жертөле жатақханалары, антисанитария, коммуналдық желілерге өз бетінше қосылу бойынша заң бұзушылықтар анықталды. 

Мемлекеттік органдармен бірлесіп:

  • 10 жатақхананың қызметі тоқтатылды;
  • сумен жабдықтау және электрмен жабдықтау желілеріне заңсыз қосылуды тоқтата отырып, 14 нұсқама енгізілді;
  • есепке алу аспаптары сәйкестендірілді.

Қабылданған шаралар қылмыстың санын 50%, қоғамдық тәртіпке қарсы әкімшілік құқық бұзушылықтар санын 70% төмендетуге мүмкіндік берді.

Осылайша, шағынаудандағы 15 мың тұрғынның құқығы қорғалды. «Әлеуметтік шиеленіс ошақтарын жою» жобасы қала бойынша жалғасады.

Айта кетейік, Бас прокуратура мас күйде көлік басқарған судьяны жауапқа тарту туралы Президентке ұсыным жолдады.