Алматыда алдағы жылдары қандай медициналық орталықтар ашылады
Алматыда аурухана мен емханалар жетіспейді. Бұл туралы Алматыда журналистермен кезінде Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты, деп хабарлайды Kazinform.
«Алматыда орналасқан медұйымдар бос емес, науқастарға лық толы. Сол себепті алдағы уақытта Алматы әкімдігі Үкіметтің көмегімен жаңа ауруханаларды салатын болады. Мысалы, Алатау ауданында 500 орындық перинаталдық орталығы бар көпбейінді аурухана салынады. Сондай-ақ заманауи жабдықтармен жабдықталған онкологиялық орталықтың құрылысы жоспарланды. Келесі жылы инфекциялық аурулар бойынша ұлттық ғылыми орталық пайдалануға беріледі. Қазір оның құрылысы жақсы жүріп жатыр, келер жылдың басында бұл орталықты ашамыз деп ойлаймын», - деді Денсаулық сақтау министрі.
Ажар Ғиният аталған орталықта науқастар емделіп қана қоймай, сонымен бірге онда ғылыми жұмыстар да жүретінін атап өтті. Себебі, бүгінде елімізде инфекциялық аурулардың өсуі денсаулық сақтау саласыны өзекті мәселесі болып тұр.
Еске салсақ, Мәжілісте «2024 — 2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын таныстыру кезінде Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы үш жыл ішінде елімізде 655 денсаулық сақтау объектісін салу және 32 ауданаралық аурухананы жаңғырту жоспарланғанын айтқан еді.