Алматыда әлем онкологтары бас қосты
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы қаласында «ОнкоРенессанс-2024» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.
Шараға Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай, АҚШ, Дания, Түркия, Испания, Моңғолия, Ресей, Беларусь, Украина және әлемнің басқа елдерінен келген мыңға жуық онколог, химиотерапевт, хирург және рентгенолог қатысты. Олар онкологиялық аурулардың алдын алу және емдеу мәселелерін талқылап, тәжірибе алмасты.
Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры Диляра Қайдарова, қатерлі ісіктің «жасарып» бара жатқанын, сондықтан ерте алдын алу өте маңызды екенін атап өтті.
«Мамандар онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеуде қолданылатын заманауи медициналық технологиялар, сүйек және жұмсақ тіндердің саркомасы, бас және мойын ісіктері, гинекологиялық қатерлі ісік, асқазан-ішек жолдарының ісіктері, және қатерлі ісіктердің дамуы мен эволюциясындағы ғылыми жаңалықтар, емдеудің заманауи жетістіктері және онкологиядағы менеджмент жайлы ой қозғады. Сүт безінің қатерлі ісігі, жатыр мойны обыры жас қыз-келіншектердің арасында жиі кездеседі. Ал В және С гепатиті вирустары бауыр обырына әкеледі. Сондықтан, әрине, жыл сайын арнайы скрингтен өтіп тұру маңызды», — деді «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ басқарма төрайымы, Қазақстан онкологтары қауымдастығының президенті Диляра Қайдарова.
Айтуынша, елде қатерлі ісікке шалдыққандардың 60 процентке жуығы репродуктивті жастағы адамдар. Бұл 15 пен 49 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер.
Конференция аясында шетелдік тәлімгерлердің қатысуымен бас және мойын қатерлі ісігі, ұйқы безі обыры, жатыр мойны обыры бойынша операциялар — тікелей эфирде шеберлік сағаттар өткізілді.
Айта кетейік, қыркүйек айының ортасында Қазақстанда жатыр мойны обырының негізгі қоздырғышы — адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы қыздарды жалпы вакциналау басталды.
Бұдан бөлек, Денсаулық сақтау министрлігінің ұйытқы болуымен елімізде АПВ-ға қарсы вакцинациясының қоғамдық денсаулыққа әсері бойынша зерттеу жүріп жатыр.