Алматыда алғаш рет эстетикалық топтық гимнастикадан әлем чемпионаты өтті

25-26 қараша күндері Алматы қаласында алғаш рет эстетикалық топтық гимнастикадан әлем чемпионаты, жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты және IFAGG Trophy 2023 жарысы өтті, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: ortcom.kz

«Әлем біріншілігі алғаш рет Азия құрлығында ұйымдастырылды. Сондай-ақ, чемпионат аясында Төрт құрлық чемпионаты мен Almaty Cup өтті. Жарысқа әлемнің 16 елінен – Аустрия, Болгария, Италия, Испания, Сербия, Франция, Израиль, Мысыр, Жапония, Малайзия, АҚШ, Қырғызстан, Қазақстан және халықаралық эстетикалық топтық гимнастика федерациясының (IFAGG) спортшылары ең мықты спорт командалары қатысты», - деді «Қазақстан эстетикалық топтық гимнастика федерациясы» ҚБ президенті Мәдина Бектұрғанова елордада өткен баспасөз конференциясында.

Бұл байқауларда жалпы 50 медаль жиынтығы сарапқа салынды.

«Әлем чемпионаты – эстетикалық топтық гимнастика әлеміндегі өте маңызды оқиға, Азияда ол алғаш рет өтті. Алға қойған барлық міндеттер орындалды. Командалық есепте біздің сеньорлар құрамасы қола жүлдегер атанды. Жасөспірімдер санатында жеке есепте Қазақстан тарихында тұңғыш рет астаналық Samruk командасы үшінші орынды иеленді. Сонымен бірге, олар төрт құрлық чемпионатының жеңімпаздары және Almaty Cup халықаралық турнирінің алтын жүлдегерлері болды. Жалпы командалық біріншілікте Қазақстан екінші орынды иеленді. Эстетикалық топтық гимнастиканың Қазақстанда 5 жылдан бері дамып келе жатқанын ескерсек, бұл үлкен жетістік», - деді эстетикалық топтық гимнастика бойынша ҚР бас жаттықтырушысы Венера Жайлауова.

Спикерлердің айтуынша, Қазақстанда эстетикалық топтық гимнастика федерациясы 2018 жылы пайда болды. Қазіргі уақытта республика бойынша 9 республикалық филиал және 13 жергілікті федерация жұмыс істейді.

«Эстетикалық топтық гимнастика – синхронды түрде орындалатын дене қимылдары. Бұл командалық спорт, онда тепе-теңдік, секіру және тірек болу элементтері бар. Менің ойымша, бұл өте әсерлі спорт түрі. Егер Алматы қаласында өткен әлем чемпионатында болсаңыздар, көрерменнің осы спорт түріне деген асқан қызығушылығын көрген шығарсыздар. Эстетикалық топтық гимнастика бір күні олимпиадалық спорт түріне айналады», - дейді М. Бектұрғанова.