Алматыда алғаш рет науқас жүрегіне кардиовертер-дефибриллятор салынды

Фото: Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасы

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы қаласының Орталық қалалық клиникалық ауруханасында алғаш рет кардиовертер-дефибрилляторды (ИКД) орнату операциясы сәтті жүргізілді. Бұл заманауи құрылғы жүректің кенеттен тоқтап қалуының алдын алуға арналған. 

Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ауруханаға жүрек ауруымен және айқын жүрек жеткіліксіздігімен 58 жастағы науқас түскен. Онда жүректің жиырылу функциясы айтарлықтай төмендеген. Мұндай жағдай науқастың өміріне қауіп төндіретін жүрек ырғағының бұзылыстары, соның ішінде жүректің кенеттен тоқтап қалуы қаупі жоғары топқа жатқызылды. Сондықтан қайғылы жағдайдың алдын алу мақсатында жоғары технологиялық операция жасау туралы шешім қабылданған.

– ИКД имплантациясы жергілікті анестезиямен жүргізілді. Құрылғы бұғана асты аймағына орнатылып, электродтар қан тамырлары арқылы жүрек қуыстарына жеткізілді. Қауіпті ырғақ бұзылысы туындаған жағдайда құрылғы оны автоматты түрде анықтап, дереу әсер етеді және жүректің қалыпты жұмысын қалпына келтіреді. Кардиовертер-дефибриллятор науқасты өмірін стационарда да, ауруханадан шыққаннан кейін де тұрақты түрде қорғауды қамтамасыз етеді, - деп түсіндірді аурухана аритмологы Ғани Төлепбергенов. 

Фото: Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасы

Қазіргі таңда науқастың жағдайы тұрақты, ол әрі қарай амбулаториялық бақылауға шығарылған.

Еске салайық, бұған дейін Шымкентте алғаш рет өте сирек кездесетін күрделі ота сәтті жасалды.