Алматыда Әлихан Бөкейхановтың 160 жылдығына арналған жаңа кітаптың тұсаукесері өтті

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, «Алаш» қозғалысының көшбасшысы және Алаш Орда қазақ автономиясының тұңғыш премьер-министрі Әлихан Бөкейхановтың 160 жылдығына арналған жаңа кітап жарық көрді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі

Фото: KAZ Minerals

Кітаптың тұсаукесері Алматыда «Чехия, Словакия және Жапония архивтеріндегі Әлихан Бөкейхан бейнесі мен Алаш Орда тарихы» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясының аясында өтті.

«Әлихан Бөкейхан. Қазақстанның тұңғыш премьер-министрі» атты кітапты Central Asia Production баспасы KAZ Minerals Тобының қаржылай қолдауымен қазақ және орыс тілдерінде басып шығарған. Туындыда ХХ ғасырдың басындағы ұлт көсемі, әрі көрнекті мемлекет қайраткерінің өміріндегі маңызды кезеңдер қамтылған.

Фото: KAZ Minerals

Кітапта оның балалық шағы мен шыққан тегі, оқыған жылдары мен ғылыми қызметі, XX ғасыр басындағы саяси күрес кезеңдері, «Алаш» қозғалысы мен Алаш Орда үкіметінің құрылуы жайлы баяндалады.

Туындыда жарияланған архивтік құжаттар, сирек фотосуреттер, тарихи материалдар мен замандастарының естеліктері Әлихан Бөкейхановтың болмысы мен оның идеяларының қазақ қоғамы үшін маңыздылығын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.

Фото: KAZ Minerals

Бұл еңбек KAZ Minerals Тобының Қазақстанның тарихи мұрасын сақтау және ұлттық сананы нығайту бағытындағы жобаларды қолдауға арналған мәдени-ағарту бастамаларының бір бөлігі болып саналады.

— Әлихан Бөкейхановтың Қазақстан тарихындағы алар орны ерекше. Оның білім беру, ғылым, экономика мен мемлекеттілік жайлы идеялары өз заманынан озық болды. Мұндай жобаларды қолдау — тарихи сананы сақтап, еліміздің тарихында өшпес із қалдырған тұлғаларға құрмет көрсетуге қосқан үлесіміз, — деп мәлімдеді «KAZ Minerals Management» ЖШС басқарма төрағасы Эльдар Мамедов.

Фото: KAZ Minerals

Кітапты дайындау барысында авторлар Қазақстан мен Ресейде ауқымды зерттеу жұмыстарын жүргізген.

— Жұмыс 2025 жылы басталды. Қазақстанды біраз араладық. Оның туған жері Қарқаралыда, Семейдегі музейлерде, Астана мен Алматыда және Мәскеуде жұмыс жүргіздік. Біз мәтінді фото және архивтік деректермен толықтыру арқылы оқырманның тарихқа тереңірек үңілуіне мүмкіндік беретін дұрыс формат ойлап таптық деп есептейміз, — дейді жоба авторы, режиссер Берік Барысбеков.

Кітаппен қатар «Әлихан Бөкейхан. Қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» атты деректі фильм де түсірілді.