Алматыда алманың сирек түрін зерттеу және сақтаумен айналысатын орталық құрылды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда Ботаника және фитоинтродукция институты жанынан Сиверс алма ағашын зерттеу және сақтау орталығы құрылды. Бұл туралы мегаполистің Бас ботаникалық бағы хабарлады. 

Фото: Александр Павский/ Kazinform

Ботаникалық бақтың мәліметіне сәйкес, Сиверс алма ағашы – Орталық Азия мен Қазақстандағы тау етегіндегі алма ағаштарының жабайы жемісті түрі. Алма ағашының бұл түрінің алғашқы сипаттамасы (1793) ботаник Иоганн Сиверске тиесілі. ДНҚ зерттеулеріне сәйкес, Сиверс алма ағашы алма ағаштарының көптеген мәдени сортының атасы екені дәлелденген. Сондықтан Қазақстан – алманың отаны деп танылды.

– Ботаника және фитоинтродукция институтының Бас ботаникалық бағының аумағында тау жемісті ормандарының табиғи популяцияларынан іріктеліп алынған 170-тен астам пішінді көрсететін Сиверс алма ағашының бірегей гендік қоры сақталған. Сиверс алма ағашы Қазақстанның Қызыл кітабына (2014) енген және Халықаралық табиғатты қорғау одағының қорғауында. Ботаника және фитоинтродукция институтында Сиверс алма ағашын зерттеп, сақтаумен бірнеше зертхана айналысады. Оның ішінде академик Аймақ Жанғалиев құрған А.Д.Жанғалиев атындағы жеміс өсімдіктерінің генофондын қорғау және интродукциялау жөніндегі мамандандырылған зертханасы бар, - деп хабарлады ботаникалық бақтың баспасөз қызметі.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда бір ай бойы зейнеткерлер Ботаникалық баққа тегін кіре алатынын жазғанбыз.