Алматы мен Алматы облысын жалғайтын көпірдегі жол жабынының зақымданғаны туралы ақпарат бұған дейін әлеуметтік желіде тараған.
Әлеуметтік желі қолданушылары жолдың кей бөлігінде металл элементтері мен бүлінген асфальттың сынықтары пайда болғанын айтып, бұл көлік жүргізушілеріне қауіп төндіруі мүмкін екенін хабарлады.
«Қазавтожол» ұлттық компаниясы Алматы облыстық филиалының мәліметінше, жағдай 17 қыркүйек кешке болған.
— «Алматы — Бішкек» республикалық маңызы бар автомобиль жолының 18-шақырымында, «Алтын Орда» көпірінде 2026 жылғы 17 қыркүйек кешке деформациялық жікті уақытша жабу үшін бұған дейін төселген суық асфальттың босап кетуі салдарынан қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу қажет болды, — деп хабарлады ұлттық компания.
Қазір зақымданған учаскеде қауіпсіз әрі үздіксіз қозғалысты қамтамасыз ету үшін асфальт-бетон жабынын төсеу арқылы қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Филиал мамандары деформациялық жіктің зақымданған бөлігін ауыстырғанын нақтылады. Қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген кезде учаске қызмет көрсетуші ұйымның бақылауында болды.
Еске салайық, Алматы облысында су құбыры жарылып, жол опырылып кеткен еді.