Байқау 27 қазанға дейін жалғасады. Бұл күні шараның жабылу салтанаты өтіп, жеңімпаздар марапатталады.
— Республикалық байқау Әміре Қашаубаевтың шығармашылық мұрасын дәріптеуге, дәстүрлі ән өнерін дамытуға және жас орындаушыларды қолдауға бағытталған. Сондай-ақ Біржан сал, Ақан сері, Естай, Мұхит секілді халық композиторларының асыл мұрасын қайта жаңғырту көзделген, — делінген ақпаратта.
Байқауға 41 өтінім түсті. Іріктеу қорытындысы бойынша республикалық кезеңге 20-35 жас аралығындағы 22 әнші жолдама алды. Іс-шараның ашылуы қарсаңында қатысушылардың сахнаға шығу кезегі жеребе арқылы анықталды.
Байқау екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде қатысушылар орындаушылық шеберлігін, өзіндік ән айту мәнерін және дәстүрлі ән мектептерінің ерекшеліктерін қаншалықты меңгергенін көрсетеді.
Қатысушылардың өнерін әншілер мен бейінді оқу орындарының оқытушыларынан құралған қазылар алқасы бағалайды. Олардың қатарында Жақсыкелді Кемалов, Қайрат Кәкімов, Нұржан Жанпейісов, Шолпан Даржан және Гүлмира Сарина бар.
Айта кетейік, Астанада NUMORI мен Saz& Soul өнерпаздары қазақ және корей әндерін орындады.