Алматыда қураған ағаштардың орнына ірі көшеттер отырғызылады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда Сәтбаев көшесінің бойындағы қураған қылқан жапырақтыларды кесіп, орнына жаңасын отырғызады.
Сарапшылар Сәтбаев көшесіндегі автотұрақ маңындағы құраған шыршалардың жағдайына қатты алаңдаушылық білдірді. Ағаштардың діңі шіри бастаған.
Жазкен Жиембаев атындағы Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері Нұржан Мұхамадиевтің айтуынша, қылқан жапырақты ағаштарға 60-70 жыл болғанымен, әлі кәрі деуге келмейтін жасыл желек. Десе де, қала экологиясында мұндай ағаштар ормандағыдай ұзақ жасай бермейді.
– Шыршаларға 60-70 жыл болған. Диаметрі 30 см-ден асады. Инелерде анық емес дақтар, күннің әсерінен күйген белгілер бар. Тамыр маңындағы қоректену аумағы азайған. Қабығына механикалық зақым келген жағдай бар. Санитарлық жағдай бойынша бұл ағаштар әлсіз деп бағаланды (КСО-3). Декоративтік қасиетін жоғалтқандықтан, оларды төзімді қылқан жапырақты ағаш түрлеріне ауыстыру ұсынылып отыр, – деді Мұхамадиев.
«ЭкоАлматы» ЖШС-нің бөлім басшысы Болат Әмірғалиев резистограф арқылы жүргізілген зерттеулер ағаштардың құрып бара жатқанын, зиянкестер мен аурулардың кең тарағанын көрсеткенін атап өтті.
– Сквердегі кейбір шыршалар толықтай қурап қалған, бірінші кезекте соларды кесу керек, – деді ол.
«Жасыл комиссия» мүшесі Омар Нұрхайдаровтың сөзінше, діңіне дейін шіріп кеткен мұндай ағаштардың дауыл тұрса құлауы мүмкін. Сондықтан барлығын кесіп тастап, орнына жаңасын отырғызу керек.
Көшпелі кеңес нәтижесінде ескі ағаштардың орнына ірі көшеттер отырғызу туралы шешім қабылданды. Жаңа отырғызылатын шыршалардың биіктігі төрт метрден кем болмайды. Яғни тамыр жүйесі жақсы дамыған. Мұндай ағаштар қазір қала климатына бейімделген жергілікті тәлімбақта өсіріліп жатыр.