Алматыда арбада отырған қарт кісіге қол көтерген күдікті іздестіріліп жатыр

Фото: Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда ер адам мүмкіндігі шектеулі қарт кісіге қол көтерген.

Оқиғаның бейнежазбасы әлеуметтік желіде тарады. 

Алматы қаласының полиция департаменті заңсыз әрекеттерді көрсететін бейнеге байланысты тергеу жұмыстарын бастағанын хабарлады.

— Оқиғаға қатысушылар анықталып жатыр. Дене жарақатын келтірген ер адамның әрекетіне түбегейлі құқықтық баға беріледі. Жанжалдың себептеріне қарамастан, қарт адамға, әсіресе мүгедектер арбасына таңылған адамға зиян келтіруге жол берілмейді және заңда көзделген жауапкершілікке әкеп соғады, — деп хабарлады департаменттен.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда автобус ішінде егде жастағы азаматты ұрған адам ұсталғанын жазғанбыз.