Алматыда ашық аспан астындағы тегін йога мен стретчинг жаттығулары жалғасып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Алматыда бұқаралық спортты дамытуға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған ALMATY MOVE қалалық жобасы жалғасып жатыр.

Фото: Алматы әкімдігі

Жоба Алматы қаласы Спорт басқармасының бастамасымен жүзеге асырылуда.

Өткен жексенбіде қаланың екі алаңында ұйымдастырылған тегін жаттығуларға 100-ге жуық тұрғын қатысты.

– Таңғы сағат 09:00-де 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта йога сабағы өтті. Дәл осы уақытта Тұңғыш Президент қоры саябағында стретчинг бойынша жаттығу ұйымдастырылды, – делінген хабарламада.

Қала тұрғындары демалыс күнін таза ауадағы белсенділікпен бастап, денсаулығын нығайтуға мүмкіндік алды.

Алматы қаласы Спорт басқармасының мәліметінше, мұндай жаттығулар спортты баршаға қолжетімді етуге, сондай-ақ тұрғындар арасында бос уақытты белсенді әрі пайдалы өткізу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

ALMATY MOVE жобасы алдағы уақытта да қаланың түрлі ауданында жалғасады. Тегін жаттығулардың өтетін орны мен уақыты туралы ақпарат жобаның және Алматы қаласы Спорт басқармасының Instagram желісіндегі ресми парақшаларында жарияланып отырады.

Айта кетейік, астаналықтар да жаз бойы тегін йогамен айналыса алады.