Алматыда ауа райына байланысты рейстер кешігіп жатыр

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы халықаралық әуежайында ауа райының нашарлауына байланысты бірнеше ішкі және халықаралық рейс кейінге шегерілді.

Фото: Александр Павский/ Kazinform

Мегаполис әуежайының онлайн таблосына сәйкес, Алматыдан Шымкентке, Астанаға, Атырауға, Қарағандыға, Ақтөбеге, сондай-ақ халықаралық бағыттарға – Дели, Үрімші және Сеулге ұшатын рейстер кейінге шегерілмек. Сондай-ақ, еліміздің бірнеше қаласынан Алматыға ұшатын рейстер кешігіп жатыр.

«Мегаполистегі метеоахуалдың қолайсыздығына байланысты бірқатар əуе рейсі кешігіп жатыр. Жолаушылардан түсіністікпен қарауды сұраймыз. Әуежайдың барлық қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр», - деп хабарлады Алматы халықаралық əуежайынан.

Алматыда таңертең басталған қар тоқтаусыз әлі жауып тұр. Қазгидрометтің болжамы бойынша, ауа температурасы 17 ақпанда түнде және түстен кейін -14...-22 градус суық болады.