Алматыда ауаны ластайтын көліктер тексеріліп жатыр: 21 жүргізуші жазаланды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда экологиялық талаптарға сай келмейтін көліктер тексеріліп жатыр.
Тексеру кезінде 131 автокөліктің шығарындылары зерттеліп, 21 жүргізуші ауаны ластағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Рейдті Алматы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі мен «ЭКО Алматы» компаниясының мамандары бірлесіп өткізді. 4-5 қазан күндері жылжымалы экологиялық зертхана арқылы заманауи газталдағыш және түтін өлшегіш құралдар пайдаланылды.
Алматы полиция департаментінің мәліметінше, іс-шара экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қоршаған ортаны қорғау бағытында жүргізіліп отыр.
– Мұндай тексерулердің басты мақсаты – тек заңбұзушылықты анықтау емес, сонымен қатар азаматтардың экологиялық мәдениетін арттыру. Шаһардың ауасы – бәріміздің ортақ жауапкершілігіміз, - деді Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Тимур Ноғайбаев.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда экологиялық талаптарды бұзған зауытқа айыппұл салынып, жұмысы тоқтатылған еді.