Тексеру кезінде 131 автокөліктің шығарындылары зерттеліп, 21 жүргізуші ауаны ластағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Рейдті Алматы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі мен «ЭКО Алматы» компаниясының мамандары бірлесіп өткізді. 4-5 қазан күндері жылжымалы экологиялық зертхана арқылы заманауи газталдағыш және түтін өлшегіш құралдар пайдаланылды.
Алматы полиция департаментінің мәліметінше, іс-шара экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қоршаған ортаны қорғау бағытында жүргізіліп отыр.
– Мұндай тексерулердің басты мақсаты – тек заңбұзушылықты анықтау емес, сонымен қатар азаматтардың экологиялық мәдениетін арттыру. Шаһардың ауасы – бәріміздің ортақ жауапкершілігіміз, - деді Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Тимур Ноғайбаев.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда экологиялық талаптарды бұзған зауытқа айыппұл салынып, жұмысы тоқтатылған еді.