Алматыда аудандардың ауа сапасы бойынша рейтингі жасалды

Фото: Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда аудандардың ауа ластану деңгейі бойынша рейтингі ұсынылды. 

Almaty Air Initiative қорының сарапшылары ұсақ дисперсті PM2.5 бөлшектерінің орташа жылдық концентрациясын талдап, қаланың ең ластанған және салыстырмалы түрде таза аудандарын анықтады.

Зерттеу қорытындысынша, ең ластанған аудан — Түрксіб. Мұнда PM2.5 бөлшектерінің орташа жылдық концентрациясы 46,8 мкг/м³ болған. Бұл көрсеткіш рейтингтегі ең «таза» аудан — Бостандық ауданымен салыстырғанда екі еседен астам жоғары.

Орташа жылдық PM2.5 көрсеткіші бойынша аудандар рейтингі:

1. Түрксіб ауданы — 46,8 мкг/м³;

2. Жетісу ауданы — 37,9 мкг/м³;

3. Алатау ауданы — 37,7 мкг/м³;

4. Алмалы ауданы — 30,9 мкг/м³;

5. Наурызбай ауданы — 27,1 мкг/м³;

6. Әуезов және Медеу аудандары — 25,8 мкг/м³;

7. Бостандық ауданы — 22,1 мкг/м³.

Сарапшылардың айтуынша, ең күрделі жағдай қаланың солтүстік және солтүстік-батыс бөліктерінде байқалады. Бұл аймақтарда көмір жағатын жеке сектор, өнеркәсіп нысандары мен көлік ағыны көп шоғырланған, сондай-ақ жер бедерінің ерекшеліктері де ауаның тұрып қалуына әсер етеді.

Мәселені түсінікті ету үшін мамандар «темекі баламасы» әдісін қолданған. Есептеулерге сәйкес, 2025 жылы Алматының орташа тұрғыны бір жыл ішінде 518 темекі шеккенмен тең зиянды заттарды жұтқан. Ал ең ластанған аудандарда бұл көрсеткіш 700-800 темекіге дейін жетуі мүмкін.

Зерттеу нәтижелері 2025 жылы дәстүрлі түрде «таза маусым» саналатын жаз айларында да ластану деңгейі рұқсат етілген нормалардан асқанын көрсеткен. Бұған құрғақ ауа райы, шаң және желдің әлсіздігі әсер еткен. Бұл Алматыдағы тұмша мәселесі тек қыс мезгіліне тән деген түсінікті жоққа шығарады.

Almaty Air Initiative қорының атқарушы директоры Жұлдыз Сәулебекованың айтуына қарағанда, жылыту маусымы басталғалы қала картасында «таза» аймақтар іс жүзінде қалмаған.

— Біздің тығыз орналасқан датчиктеріміздің желісінің арқасында бұрын мониторинг кезінде байқалмайтын аймақтардың ахуалын көріп отырмыз. Бұл деректер қысқы ластану көздері аса назарға алынбай жүргенінің дәлелі. Көмір тұтынатын, қоқыс өртейтін жеке үй шаруашылықтары бойынша деректерді түгендеп шығуымыз қажет. Әр саланың үлесін шынайы бағаламай қаланың ауа сапасын нәтижелі түрде қолға алу мүмкін емес. Әкімдікпен осы мәселені жан-жақты талқылай аламыз деп сенеміз. Жеке үйлер мен осы көздерді есепке алу бойынша жүйелі шешім қабылданбайынша, қыстағы тұмшадан тіпті ЖЭС-терді жаңартқаннан кейін де құтыла алмаймыз, — деді ол.

Сарапшының пікірінше, келесі қадам — жеке секторда көмір мен тұрмыстық қалдықтарды жағуды шектеуге бағытталған нақты шараларды енгізу.

Еске салайық, бұған дейін Almaty Air Initiative (AAI) қоры Алматыдағы ауа сапасына қатысты 2025 жылға арналған жылдық аналитикалық есебін жариялады